• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2015

Жазаның да қатаңы, жұмсағы бар

373 рет
көрсетілді

Мысыр соты елдің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді өлім жазасына кесті. Бұл жер-жерде әртүрлі пікір тудырып жатыр. Біреулер, кім де болса, жазасын тартуы тиіс деп, оны лайықты санаса, біреулер тым қатаң деп есептейді.

Қылмысқа тоқталайық. Ол үшін елдегі соңғы жылдардағы оқиғаларға жүгінесің. 2011 жылғы революция барысында Хосни Мүбәрактың авторитарлық билігі құлап қана қойған жоқ, исламистік қозғалыс биікке көтерілді. Бұрын тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» ұйымы бостандыққа шық­ты, сол исламистердің қол­дауы­мен Мұхаммед Мурси ал­ғаш рет демо­кратиялық жолмен, дауыс беру жолымен президент болып сайланды. Өзін қолдаушы исламистер болған соң, Мурсидің солардың сө­зін сөйлеуі заңды да. Ел исламистік бағытқа ойысып бара жатты. Бұ­рын зайырлылық бағытты ұстанған Мысыр жұртшылығына бұл ұнаған жоқ. Халықтың қарсылығына ұшы­рады. Оның ақыры билікке әске­рилердің араласуына соқтырды. Елдің қорғаныс министрі Абдул Фаттах ас-Сиси 2013 жылдың жазында Мурсиді орнынан тайдырып, тайдырғанда түрмеге жауып, билік әскерилердің қолына көшті. Билікте болған екі жылда Мұ­хаммед Мурси біраз нәрсені бүл­діріп үлгерген еді. Ең алдымен халықаралық ауқымда террорлық топ саналған «Мұсылман бауыр­лар» ұйымына еркіндік беріп, олар­дың қамауда отырған белсенділерін босатты. Олардың мойнында талай адамның қаны бар еді. Тек олардың ғана емес, түрменің қақ­пасы ашылып, талай қылмыскер бостандыққа шықты. Бұрынғы президентке қойылып отырған басты айып – осы. Бостандыққа шық­қан соң, сол исламистердің, қыл­мыскерлердің, елдің берекесін кетірген қылмыстары өз алдына. Басқасын былай қойғанда, сол исламистер ел халқының 10 пайыздайын құрайтын христиан-копттарға жасаған озбырлықтары ел сипатына жағылған қара күйеге айналды. Саяси қақтығыстардан көптеген адам қаза тапты. Бұрынғы президентке тағылған айып көп. Журналистерді өлтіргені үшін де оған өлім жазасы кесілмек еді, сот 20 жылдық жазамен шек­телді. Шетелге құпия құжаттар бергені үшін де оған өлім жазасын беру керек деген мәселе күн тәртібінде тұр. Бір өлім жазасын арқалаған соң, басқасына онша мән берілмей жатқанға ұқсайды. Өлім жазасына кесілді-ау, бірақ оны әлі Мүфтилер кеңесі бекітуге тиіс. Ол алдағы айдың басында қаралады. Египеттің өзінде де, сыртта да бұл мәселенің қызу талқылануы бір жағы сол Мүфтилер кеңесіне ықпал етуді көздейтіндей. Атап айтатын бір жай: Каир сотының шешіміне қарсылық білдірушілердің басында Еуроодақ тұр. ЕО-ның Шетелдер және саяси қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғарғы өкілі Фэдерика Могерини мәлімдеме жасап, үкімнің «Египет міндетіне алған халықаралық заңдылыққа сай келмейтінін» атап көрсетті. Германияның сыртқы істер министрі Ф.Штайнмайер де, АҚШ президентінің әкімшілігі де қарсылықтарын білдіріп үлгерді. Бірақ мұны Египет сыртқы істер министрлігі өздерінің ішкі істеріне араласу деп сипаттап отыр. Елде Мұхаммед Мурсидің жақтаушылары жетерлік, олар да қарсылықтарын білдіріп жатыр. «Мұсылман бауырлардың» басшылары Мурсиді өлім жазасына кесер болса, өздерінің қарулы күреске шығатынын да мәлімдеді. Қылмыс жазалануға тиіс дейміз. Әрине, ұстаным – әділеттілік. Мур­си халық сайлаған президент болды. Оның әрекеттері қатыгездік пе, қателік пе? Екі жағы да бар шығар. Бұл жерде қазылық халық жанының жараланбауында жатыр-ау.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».